Ыстанбұлда Қазақстанның жаңа Конституциясының құндылықтарын насихаттауға арналған патриоттық іс-шара өтті

Ыстанбұлда Қазақстанның жаңа Конституциясының құндылықтарын насихаттауға арналған патриоттық іс-шара өтті

Ыстанбұл, 2026 жылғы 8 мамыр – Ыстанбұл қаласында Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған жаңа Конституциясының негізгі қағидаттарын кеңінен насихаттауға арналған патриоттық-танымдық іс-шара өтті. Аталған жиын 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне орай ұйымдастырылып, елдік құндылықтар, тарихи жады және азаматтық жауапкершілік тақырыптарын қамтыды. 

Іс-шараға Ыстанбұл қаласында білім алып жатқан қазақстандық студент жастар, қоғам белсенділері және ресми қонақтар қатысты. Кездесу барысында жаңа Конституцияда айқындалған заң үстемдігі, әділетті қоғам құру, ұлттық бірлік пен азаматтардың мемлекет алдындағы жауапкершілігі сынды негізгі қағидаттарға ерекше назар аударылды. Қатысушылар жаңа тарихи кезеңдегі Конституцияның ел болашағы үшін стратегиялық маңызын талқылады. 

Шара барысында Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасу тарихы, олардың ел тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі туралы мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің тарихи маңызы мен майдангерлердің ерлігі туралы арнайы бейнематериалдар көрсетілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа Конституцияда бекітілген отаншылдық, қоғамдық келісім және жауапты азамат қағидаттары бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде ерекше маңызға ие. 

Бағдарлама аясында студент жастар арасында танымдық және интерактивті пікірталастар, сондай-ақ патриоттық шығармашылық қойылымдар ұйымдастырылды. Қатысушылар Қазақстанның жаңа Конституциясы мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайтатын, сондай-ақ әділетті әрі жауапты қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды тарихи құжат екенін атап өтті. 

Іс-шара соңында мұндай тағылымды кездесулердің шетелде білім алып жатқан қазақстандық жастардың ұлттық болмысын сақтауға, тарихи санасын нығайтуға және Қазақстанның жаңа даму кезеңіндегі реформалардың мәнін терең түсінуге ықпал ететіні ерекше айтылды.