
Ескишехир, 2026 жылғы 26 сәуір – Түркияда білім алып жатқан қазақстандық студент қыздар арасында жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі волейбол турнирі Ескишехир қаласында жоғары деңгейде өтті. Аталған іс-шара Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі мен Ыстанбұл, Анталия және Измир қалаларындағы Бас консулдықтардың қолдауымен ұйымдастырылды.
Турнирдің негізгі мақсаты – Түркияның түрлі өңірлерінде білім алып жатқан қазақстандық студент қыздар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту, салауатты өмір салтын дәріптеу және спорт арқылы бірлікті арттыру. Биылғы жарысқа Түркияның 16 өңірінен келген 16 команда қатысып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Жарыс барысында командалар тартысты ойын өрнегін көрсетіп, көрермендерге әсерлі әрі қызықты сәттер сыйлады. Финалдық кездесуде үздік ойын өрнегін көрсеткен Бартын командасы турнир жеңімпазы атанып, арнайы марапаттарға ие болды.
Іс-шараға жергілікті билік өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, сондай-ақ қазақстандық студенттік қауымдастық мүшелері қатысты. Қатысушылар өз сөздерінде мұндай спорттық бастамалардың жастар арасындағы бірлік пен өзара қолдауды нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті.
Турнир қорытындысы бойынша Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл студент қыздарды белсенді өмір салтын ұстануға, сондай-ақ елдің дамуына өз үлестерін қосуға шақырды. Сонымен қатар, осындай дәстүрлі спорттық іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатыны атап өтілді.