Ыстанбұлда қазақ археологы профессор Айман Досымбаеваға арналған халықаралық ғылыми-мәдени іс-шара өтті

Ыстанбұлда қазақ археологы профессор Айман Досымбаеваға арналған халықаралық ғылыми-мәдени іс-шара өтті

Ыстанбұл, 2026 жылғы 14 сәуір­ — Ыстанбұлдағы Мимар Синан бейнелеу өнері университетінде көрнекті қазақ археологы, профессор Айман Досымбаеваға арналған халықаралық ғылыми-мәдени іс-шара өтті. Аталған шара Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының қолдауымен, Түркі тарихы және мәдениеті қоры (TÜRKTAV) және Мимар Синан университетінің Еуразия мәдениет және өнерді зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткізілді.

Іс-шара аясында «Дәуірлер үні: Айман Досымбаеваның Жайсан және Мерке археологиялық мұрасы» атты көрме ашылып, ғалымның Жайсан мен Мерке ескерткіштеріне жүргізген кешенді зерттеулері, далалық экспедициялары және түркі өркениетін зерделеуге қосқан үлесі кеңінен таныстырылды.

Сонымен қатар, Айман Досымбаева мен Нұрболат Бөгенбайдың «Жайсан – Шу өзені түріктерінің киелі жері» атты түрік тіліндегі кітабының тұсаукесері ұйымдастырылып, осы тақырып аясында панельдік отырыс өтті.

Іс-шара барысында Мимар Синан университетінің ректоры, профессор Ахмет Саджит Ачыкгезоғлу, Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл және TÜRKTAV атқарушы директоры Әсел Лахаева құттықтау сөз сөйлеп, ғылыми еңбектің түркі дүниесінің ортақ тарихи-мәдени мұрасын зерделеудегі маңызын атап өтті.

Панельдік сессияда профессор Ахмет Ташагыл, доктор Фетхи Ахмет Йүксел, доктор Нұрболат Бөгенбай және доктор Серхан Чынар баяндама жасап, Айман Досымбаеваның ғылыми мұрасы, түркі әлемінің археологиясы және өңіраралық мәдени байланыстар мәселелері жан-жақты талқыланды. Модераторлық қызметті доцент Өзлем Октай Черезджи атқарды.

Зерттеу жұмысы Жайсан киелі кешеніндегі культтік нысандар, Қиям (Khiam) қамалы, сондай-ақ Шу мен Талас өзендері аралығындағы қалалық мәдениетке тән монументалды ескерткіштер негізінде әзірленген. Еңбекте археологиялық материалдар мен тарихи деректер, соның ішінде нумизматика, геральдика, топонимика және антропология салалары бойынша мәліметтер кешенді түрде талданған.

Аталған зерттеу ортағасырлық түркі тайпалары мен Қазақ хандығы арасындағы тарихи-мәдени сабақтастықты, қазақ халқының этногенезін және Қазақ хандығының тарихи-географиялық кеңістігін терең зерделеуге мүмкіндік береді.

Өткен ғылыми-мәдени іс-шара ғылыми қауымдастық, студенттер мен көпшілік арасында үлкен қызығушылық тудырып, түркі археологиясы мен мәдени мұраны зерттеу және насихаттау бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етті.