Ыстанбұлдың ғылыми-академиялық қауымдастығы Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларды жоғары бағалады

Ыстанбұлдың ғылыми-академиялық қауымдастығы Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларды жоғары бағалады

Ыстанбұл, 2026 жылғы 24 ақпан – Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулдығында қаланың жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаларды талқылауға арналды.

Кездесуге Ыстанбұлдың ғылыми-академиялық қауымдастығының өкілдері, профессорлық-оқытушылық құрам, сарапшылар және зерттеушілер қатысты.

 Басқосу барысында Қазақстандағы саяси жаңғыру үдерісі, жаңа Конституцияның тұжырымдамалық негіздері, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған өзгерістер және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту тетіктері жан-жақты таныстырылды. Сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған құқықтық жаңашылдықтар туралы айтылды.

Ғылыми орта өкілдері Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың жүйелілігіне, олардың құқық үстемдігін нығайтуға және институционалдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталғанына жоғары баға берді. Кездесу барысында конституциялық өзгерістердің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық даму үшін берік құқықтық негіз қалыптастыратыны атап өтілді.

Іс-шара қорытындысында Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл реформалардың стратегиялық маңыздылығына тоқталып, академиялық қауымдастықпен өзара сараптамалық диалогты жалғастыруға мүдделі екенін білдірді. Түркия тарапы ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге және тәжірибе алмасуды дамытуға дайын екендіктерін жеткізді.