Ыстанбұл, 17 желтоқсан 2025 жыл - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні аясында Рами кітапханасында алғаш рет «Қазақстанның ғылыми және әдеби бұрышы» салтанатты түрде ашылды.
Аталған бастама Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бастамасымен және Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асырылды.
Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, қазақ халқының әдеби және ғылыми мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен таныстыру, сондай-ақ Рами кітапханасы базасында қазақ әдебиеті мен ғылымына арналған тұрақты ақпараттық-танымдық кеңістік қалыптастыру.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулдығының, Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы – ТҮРКСОЙ өкілдігінің, TURKTAV – Түркі тарихы мен мәдениеті қорының, «Ғылым ордасы» РМК басшылығы мен мамандарының, сондай-ақ Түркияның мәдениет және білім саласындағы зиялы қауым өкілдері мен Түркиядағы қазақстандық студенттердің өкілдері қатысты.
Іс-шара аясында «Ғылым ордасы» РМК Рами кітапханасының қорын байыту мақсатында 500 дана кітапты сыйға тартты. Жаңадан ашылған бұрышқа Орталық ғылыми кітапхана қорынан қазақ әдебиеті, тарихы, мәдениеті, ғылымы және көркем әдебиет салаларын қамтитын кітаптар мен ақпараттық материалдар орналастырылды. Айта кету керек, Орталық ғылыми кітапхана қоры бүгінде 6 миллионға жуық сирек қолжазбалар мен ғылыми және әдеби басылымдарды қамтитын, Қазақстандағы ең ірі кітап қорларының бірі болып табылады.
Аталған жобаның дәл Рами кітапханасында жүзеге асырылуының өзіндік мәні бар. XVIII ғасырда салынған тарихи кешен кешенді реставрациядан кейін Түркияның ең ірі әрі заманауи білім орталықтарының біріне айналды. Бүгінде Рами кітапханасы «тірі кітапхана» тұжырымдамасы негізінде ғылым, мәдениет және өнер салаларында жаңа форматтағы іс-шараларды ұйымдастыратын халықаралық платформа ретінде танылып отыр.
Осындай тарихи-мәдени және ғылыми маңызы зор ортада қазақ ғылымы мен әдебиетіне арналған арнайы бұрыштың ашылуы Қазақстан мен Түркия арасындағы рухани байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ екі елдің ғылыми және мәдени ықпалдастығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болып табылады.