Ыстанбұлда Абайдың 180 жылдығына арналған «Қара сөздері» байқауы өтті

Ыстанбұлда Абайдың 180 жылдығына арналған «Қара сөздері» байқауы өтті

Ыстанбұл, 2025 жылғы 11 желтоқсан —  Ұлы ақын, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Ыстанбұл қаласындағы Абай Құнанбайұлы атындағы орта мектепте ақынның «Қара сөздерін» мәнерлеп оқудан байқау ұйымдастырылды.

Байқауға 5–11 сыныптардан 30-дан астам оқушы қатысып, қазақ руханиятының алтын қазынасы саналатын Абайдың қара сөздерін көркем жеткізу арқылы өз шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

Шараның басты мақсаты – Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын жас ұрпаққа кеңінен таныту, оның еңбектерін шетелде насихаттау, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту болды.

Байқау барысында қатысушылар Абайдың терең философиялық ойларын жүрекпен сезініп, мазмұнын өз мәнерімен жеткізуге талпынды. Жарыс қорытындысы бойынша оқушылар Абай шығармаларын оқу олардың дүниетанымын кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуына зор ықпал ететінін атап өтті.

Іс-шара соңында Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл байқауға қатысқан оқушыларға алғыс білдіріп, олардың білімге деген ұмтылысы мен белсенділігін жоғары бағалады. Сонымен қатар Бас консул Абай мұрасының жастардың адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудағы маңызына ерекше тоқталып, мұндай мәдени бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.