Ыстанбұлда түркі мемлекеттерінің жоғары аудит органдары TÜRKSAI ұйымын құру туралы декларацияға қол қойды

Ыстанбұлда түркі мемлекеттерінің жоғары аудит органдары TÜRKSAI ұйымын құру туралы декларацияға қол қойды

       Ыстанбұл, 2025 жылғы 22 қараша-Ыстанбұл қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің жоғары аудит органдары өкілдерінің ресми кездесуі өтті. Іс-шараға Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов бастаған делегация қатысты.

       Кездесу барысында түркі мемлекеттері жоғары аудит органдарының жаңа кәсіби бірлестігі – TÜRKSAI (Түркі мемлекеттерінің жоғары аудит органдары ұйымы) құрылатындығы туралы декларацияға қол қойылды. Құжатқа Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның жоғары аудит органдарының басшылары қол қойды.

       Жаңа ұйымның басты мақсаты – түркі кеңістігінде аудит саласындағы кәсіби ынтымақтастықты тереңдету, жоғары аудит органдары арасындағы үйлесімділікті арттыру, тәжірибе және білім алмасу механизмдерін күшейту.

       TÜRKSAI жұмысы келесі бағыттарды қамтитын болады:

  • аудит процестерінде жасанды интеллектіні қолдану;
  • үлкен деректер аналитикасын пайдалану;
  • тиімділік, қаржылық, экологиялық және IT-аудит әдістерін жетілдіру;
  • бірлескен және параллель аудиттер жүргізу;
  • практикалық тренингтер мен зерттеу жобаларын іске асыру;
  • халықаралық алаңдарда өзара қолдау көрсету.

       Өз сөзінде Әлихан Смайылов TÜRKSAI-дың ұзақ мерзімді дамуы жөніндегі Қазақстанның көзқарасын таныстырып, ұйымның құрылуы түркі мемлекеттерінің институционалдық тұрақтылықты, мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен есептілікті күшейтуге деген ортақ ниетін көрсететінін атап өтті.

       «Бұл тарихи оқиға – жоғары аудит органдары арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. ТҮРКСАИ достықтың, сенімнің және кәсіби өзара іс-қимылдың берік көпіріне айналады деп сенеміз», – деді ол.

       Жиын қорытындысы бойынша алдағы үш жылда ұйымға Түркияның Есеп соты төрағалық етеді. Кейінгі кезеңдерде төрағалық ТМҰ елдерінің әліпби реті бойынша ротациялық негізде белгіленетін болады.