Түркияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер Афион қаласында жыл қорытындысы басқосуын өткізді

Түркияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер Афион қаласында жыл қорытындысы басқосуын өткізді

2025 жылғы 16 қараша, Афион – Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктері – Анкарадағы Елшілік пен Ыстанбұл, Анталия және Измир қалаларындағы Бас консулдықтардың ұйымдастыруымен Түркияда білім алып жүрген қазақстандық студенттердің жыл қорытындысы басқосуы өтті. Дәстүрлі форматтағы бұл іс-шара Афион қаласында ұйымдастырылып, оған Анкара, Ыстанбұл, Измир, Анталия, Конья, Сакария, Ялова, Кыршехир, Карабүк, Кайсери, Бурдур, Балыкесир және Ескишехир қалаларынан 400-ден астам студент қатысты.

Жиынның басты мақсаты – Түркияның әр өңірінде білім алып жүрген қазақ жастары арасындағы байланысты нығайту, ортақ жобалар мен бастамаларды іске асыруға қолдау көрсету, сондай-ақ отансүйгіштік пен ұлттық бірегейлікті дәріптеу. Студенттер тәжірибе алмасып, білім мен мәдениет саласындағы ынтымақтастықты арттырудың жаңа бағыттарын талқылады.

Шара аясында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған дәстүрлі футбол турнирі өткізілді. Бұл жолы жарысқа жоғарыда аталған қалалардан құралған 16 команда қатысып, тартысты ойын көрсетті. Нәтижесінде Анкара және Ескишехир командалары үшінші орынды бөліссе, Ыстанбұл командасы екінші орынды иеленді. Ал бас жүлдені Сакария қаласының студенттері жеңіп алды.

Жиын соңында ҚР Ыстанбұл, Анталия және Измир қалаларындағы Бас консулдары қатысушыларға ізгі тілектерін білдіріп, Түркияда алған білімдерін тереңдетіп, оқуын табысты тәмамдап, елге білікті маман ретінде оралу маңыздылығын атап өтті. Олар жастардың белсенділігі мен бірлігін жоғары бағалап, алдағы уақытта да осындай кездесулердің жалғасын табатынына сенім білдірді.

Шараға қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, мұндай кездесулер студенттер арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп қана қоймай, жаңа бастамаларға жол ашатынын атап өтті. Сонымен қатар, қатысушылар алдағы кезеңде осындай форматтағы жиындарды жиі өткізу жөнінде ұсыныс білдірді.