«Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты деректі фильмдер топтамасы Түркия аудиториясына ұсынылды

«Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты деректі фильмдер топтамасы Түркия аудиториясына ұсынылды

       Ыстанбұл, 2025 жылғы 4 қараша – Қазақстанныңи Ыстанбұлдағы Бас консулдығының бастамасымен және үйлестіруімен Түркияның жетекші медиа құрылымдарының бірі – «İhlas Yayın Holding» холдингіне қарасты TGRT Belgesel телеарнасының түсірілім тобы Түркістан қаласына арнайы сапар жасады. Іс-сапардың негізгі мақсаты – Қазақстанның туристік әлеуетін кеңінен таныстыру және Түркістанды түркі әлемінің рухани орталығы ретінде халықаралық аудиторияға насихаттау болды.

       Сапар барысында телеарна өкілдері Түркістан қаласының мәдени және тарихи нысандарында түсірілімдер жүргізіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, жаңа әкімшілік-іскерлік орталық, туристік аймақтар және киелі орындарды қамтыған бірқатар сюжеттер әзірледі.

       Түсірілім нәтижесінде Түркістанның тарихи және мәдени мұрасын қамтитын 5 деректі репортаж дайындалды. Бағдарламалар TGRT Belgesel телеарнасының прайм-тайм эфирінде көрсетіліп, бірнеше рет қайта берілуде. Бұл Қазақстанның туристік имиджін Түркиядағы телекөрермендерге таныстыруға және оның рухани астана ретіндегі маңызын айшықтауға мүмкіндік берді.

       TGRT Belgesel телеарнасының бас редакторы Саит Екен өз пікірінде былай деді: «Түркістан – бүкіл түркі әлемі үшін тарихи әрі рухани маңызы зор қала. Біз үшін бұл қасиетті мекеннің мәдениеті мен тарихи құндылығын Түркия көрерменіне жеткізу үлкен мәртебе болды. Осы сапар екі ел арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі нығайтады деген үміттеміз».

       Аталмыш жоба екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтіп, туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуына септігін тигізуде. Түрік БАҚ-ының қызығушылығы Қазақстанға сапар шегуге ниетті аудиторияның артуына оң әсер ететініне және түрік қоғамында еліміз туралы ақпараттық танымдылықты күшейтуіне сенімдіміз.