Исламабад, 2025 жылғы 30 сәуір – Қазақстан-Пәкістан сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 13-ші отырысы қарсаңында Пәкістан астанасына ҚР Туризм және спорт Вице-министрі Ержан Еркінбаев, «Qazaq batyry» жекпе-жек академиясының президенті, Грэпплинг федерациясының президенті, Астана кәсіпкерлер палатасының басшысы Қанат Алин, сондай-ақ Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова іс-сапарларымен келді.
Осы сапар барысында Қазақстан делегациясы Пәкістанның Өңіраралық үйлестіру Федералды министрі Рана Санауллахпен және Пәкістанның спорт кеңесінің бас директоры Ясир Пирзадамен кездесіп, тараптар екі елдің спорт федерациялары мен тур операторлары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Қазақстан делегациясы Пәкістан жастары арасында бұқаралық спортты дамытуға және екі ел арасындағы спорттық дипломатияны нығайтуға ықпал ететін жобаларды іске асыруға толық қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Өз тарапынан Федералды министр спорт саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтіп, айтылған ұсыныстарды мақұлдап, Министрлік тарапынан қажетті көмек көрсетуге дайын екендігін білдірді.