Пәкістан Қазақстанға теңіз инфрақұрылымын ұсынуға дайын

Пәкістан Қазақстанға теңіз инфрақұрылымын ұсынуға дайын

Исламабад, 2025 жылғы 14 сәуір – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин ПИР Теңіз істері министрі Мұхаммад Джунайд Анвар Чоудримен кездесу өткізді.

Қазақстандық дипмиссия басшысы Пәкістан министріне биылғы жылы жоспарланып отырған іс-шаралардың екіжақты күн тәртібінің басымдықтары туралы, сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістанның көлік-логистикалық инфрақұрылымдарын біріктіруді жолға қою контексінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Е.Қыстафин ПИР теңіз порттары тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін транзиттік хаб ретінде қызмет ете алатынын, Парсы шығанағы, Африка және Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз ететінін ерекше атап өтті.

Өз тарапынан федералды министр көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты жолға қоюға қажетті жәрдем көрсетуге дайын екенін білдіріп, айтылған ұсыныстарды қолдады.

Қазақстанның көлік секторы мамандары тобының Карачи, Қасым және Гвадар теңіз порттарының инфрақұрылымымен танысу үшін Пәкістанға сапарын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Тараптар өңіраралық кооперацияны екіжақты деңгейде ғана емес, сонымен қатар көпжақты форматта дамытуға ықпал ететін мультимодальды көліктік-логистикалық дәліздерді құру және әртараптандыру қажеттілігі туралы жалпы пікір білдірді.