
Исламабад, 2025 жылғы 7 сәуір — Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Пәкістанның Дін істері және конфессияаралық үйлесім жөніндегі федералдық министрі Сардар Мұхаммад Юсуфпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар конфессияаралық диалог саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы туралы пікір алмасты.
Министр С.Юсуф өз қызметі аясында Қазақстанмен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған бірқатар бастамаларды жүзеге асыру ниетін білдірді.
Елші Е.Қыстафин өз кезегінде екіжақты күн тәртібінің негізгі бағыттары туралы, соның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту жайында әңгімелеп берді. Сонымен қатар, Елші Министр С.Юсуфке 2025 жылғы 17–18 қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 8-ші съезіне ресми шақыруды табыс етті.
Өз кезегінде, Министр Қазақстанның жаһандық дінаралық диалогты ілгерілетуге қосқан үлесін атап өтіп, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін заманауи сын-қатерлерге жауап беретін бірегей халықаралық платформа ретінде жоғары бағалады. Ол Қазақстан тарапымен тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін білдіріп, съезге қатысу ниетін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты, соның ішінде Қазақстан мен Пәкістандағы теологиялық жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруға келісті.