Исламабад, 2025 жылғы 12 наурыз – Баспа және онлайн-басылымдардың Бүкілпәкістандық Конфедерациясының өкілі Мұхаммед Сиддик Анзердың шақыруымен Қазақстан Республикасының Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин жаңа директорлар кеңесінің мүшелерін ант қабылдау рәсімімен бірге мұқтаж жандарға азық-түлік себеттерін тарату ұйымдастырылған салтанатты шараға құрметті қонақ ретінде қатысты.
Құрметті қонақтар қатарында Сенатор Мұхаммед Талха Махмуд, Хайбер-Пахтунхва провинциясының губернаторы Файсал Карим Кунди және жаңа тағайындалған Дін істері және конфессияаралық келісім жөніндегі Федералды министр Сардар Мұхаммед Юсуф болды.
Өз сөзінде Елші жиналған қауымды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, өткізілген іс-шаралар мен жоспарланған сапарлар туралы айтып, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Пәкістан бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлап, Конфедерация мүшелерін Қазақстанның медиа қауымдастығымен тікелей байланыс орнатуға және ынтымақтастықты дамытуға шақырды.