Қазақстандық-пәкістандық күн тәртібі назарындағы "қалалық дипломатия"

Қазақстандық-пәкістандық күн тәртібі назарындағы  "қалалық дипломатия"

Лахор, 2024 жылғы 27 сәуір – өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету, сондай-ақ Қазақстан-Пәкістан үкіметаралық комиссиясының 12-ші отырысының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында Шымкент және Файсалабад, Түркістан және Лахор қалалары арасында бауырластық қатынастар орнату бөлігінде Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафиннің Пенджаб провинциясына жұмыс сапары өтті.

Пәкістанның тоқыма астанасы – Файсалабад қаласын аралау барысында дипмиссия басшысы қала басшылығымен, Файсалабад қаласының комиссары Силват Саидпен кездесті. Елші ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған, оның ішінде екі ел арасындағы провинциялық және қалалық билік деңгейінде жүзеге асырылып жатқан және жоспарланып отырған іс-шаралар туралы хабардар етті.

С.Саид Елшіліктің жұмысына жоғары баға беріп, Шымкент қаласымен бауырластық қарым-қатынас орнатуға және ресми және іскер топтармен байланыс орнатуға қызығушылық білдірді.

Сапар аясында Фейсалабад қаласының іскер топтарымен бірқатар кездесулер өттіп, Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығымен және мүшелерімен келіссөздер жүргізілді. Оның барысында Е.Қыстафин Қазақстанның іскерлік ахуалы, ынтымақтастық үшін перспективалық бағыттар туралы айтты.

Жеңіл өнеркәсіпте әлеуетті жобаларды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды, осы тұрғыда «Оңтүстік» АЭА мүмкіндіктері таныстырылды.

Қазақстан Елшісі сондай-ақ жетекші тоқыма кәсіпорындарына барып, өндіріс үдерісімен және шығарылатын өнім ассортиментімен танысты.

Сонымен қатар, Елшілік делегациясы Ұлттық тоқыма университетінде болып, Ректор Танвир Хуссайнмен кездесу барысында университеттің қызметімен, оның ғылыми-зерттеу жұмыстарымен және жеңіл өнеркәсіп саласындағы жетістіктерімен танысты.

Өз тарапынан Е.Қыстафин сұхбаттасушыны осы салада маманданған Қазақстанның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамыту үшін қолда бар мүмкіндіктер туралы хабардар етті.

Пәкістанның мәдени астанасы – Лахор қаласында Қазақстан Елшісінің қала комиссары Мұхаммед Әли Рандхавамен келіссөздері өтті.

Тараптар Лахор мен Түркістан қалалары арасында бауырластық орнату мәселелерін, сондай-ақ жоғары әлеуетке ие және өзара қызығушылық танытатын қызмет салаларын талқылады.

Қала басшысы өз тарапынан өңірлік өзара байланысты нығайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, айтылған жоспарларға толық қолдау білдірді.

Күннің екінші жартысында Елші Лахор қаласында «Kazakhstan House» ашылуының бірінші жылдығын мерекелеуге арналған салтанатты іс-шараға қатысты.

Қабылдау кезінде Е.Қыстафин Лахор, Гуджрат, Шейхупура Сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылығымен және мүшелерімен кездесулер өткізіп, екіжақты сауда мен іскерлік байланыстарды арттыру жөніндегі қадамдарды талқылады.

Фейсалабад пен Лахорға сапар қорытындысы бойынша бірлескен инвестициялық және сауда жобаларын пысықтау және іске асыру үшін делегациялардың Қазақстанға сапарларын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстан Елшісі Фейсалабад қаласының Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті доктор Құрам Тарикке сапарды ұйымдастыруға жәрдем көрсеткені үшін алғыс білдіреді.