Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Файсалабад қ. алғашқы сапарын жасады

Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Файсалабад қ. алғашқы сапарын жасады

Файсалабад, 2022 жылғы 29 тамыз – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі елдегі ең қоныстанған үшінші қала, Пәкістанның тоқыма хабы – Файсалабад қ. алғашқы сапарын жасады.

Сапар барысында Елші тоқыма өнеркәсібінің «Sadaqat Limited», «MK Sons», «Masood Textile Milles» секілді ірі кәсіпорындарында болып, кәсіпорын басшыларымен кездесулер өткізді.

Тараптар жеңіл өнеркәсіп саласында ынтымақтастық орнатудың келешегін талқылады. Пәкістандық кәсіпкерлер Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытты.

Одан әрі Елшіні Файсалабад Комиссары Сардар Акрам Джавед қабылдады. Тараптар Пәкістан мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытудағы бар әлеуетті атап өтті.

Қала басшылығы өз тарапынан Пәкістанның тоқыма хабымен ынтымақтастық орнатуға қатысты кез келген бастамаларға қолдау білдірді.

Файсалабад Сауда-өнеркәсіп палатасы мен Іскер әйелдер қауымдастығының басшылығымен және мүшелерімен кездесуде Елші дипломатиялық миссияның екі елдің іскерлік қоғамдастықтарының өзара іс-қимылын жеңілдету бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы айтты. Ол Қазақстандағы инвестициялық ахуал мен бизнес мүмкіндіктеріне белсенді қызығушылық танытқан файсалабадтық кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.

Пәкістандық тарап сауда-экономикалық әлеуетті зерделеу мақсатында Қазақстанға сапар ұйымдастыруға қызығушылық танытты.

Кездесулер нәтижесінде ынтымақтастықты, оның ішінде арнайы экономикалық аймақтар шеңберінде дамытудың ықтимал жобаларын мазмұнды талқылау үшін Қазақстан Республикасының тиісті мекемелерімен онлайн-сессиялар ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.