Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Пәкістанның жаңадан тағайындалған Дін істері және конфессияаралық келісім жөніндегі Федералдық министрімен кездесті

Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Пәкістанның жаңадан тағайындалған Дін істері және конфессияаралық келісім жөніндегі Федералдық министрімен кездесті

Исламабад, 2022 жылғы 11 тамыз – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Пәкістанның жаңадан тағайындалған Дін істері және конфессияаралық келісім жөніндегі Федералдық министрі Абдул Шакур мырзамен кездесті.

Кездесу барысында Елші министрді екіжақты күн тәртібі мен Қазақстан мен Пәкістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30-жыл толуына орай өткізілетін іс-шаралар туралы хабардар етті.

Е.Қыстафин Қазақстанның халықаралық бастамаларына жеке тоқталды. Атап айтқанда, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі және осы форумға Пәкістан тарапының белсенді қатысуы жөнінде.

Қазақстанның дипломатиялық миссиясының басшысы А.Шакур мырзаға ағымдағы жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысуға ресми шақыруды табыс етті.

Министр өз тарапынан Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жоғары әлеуетін атай келе, өзара қызығушылық тудыратын барлық салалардағы ынтымақтастықты арттыру қажеттігі туралы пікірді қолдады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысты ол оның бүгінгі күндегі маңыздылығы мен өзектілігін атап өтіп, шақыруды ризашылықпен қабылдап, өзінің қатысуын растады.