Қазақстан Пәкістандағы білім беру жобаларын қолдауға 1 миллион АҚШ долларын бөлді

Қазақстан Пәкістандағы білім беру жобаларын қолдауға 1 миллион АҚШ долларын бөлді

Исламабад, 2026 жылғы 3 шілде – 2026 жылғы ақпанда Исламабад қаласына жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша ҚР Президенті Қ.Тоқаев ҚР Үкіметіне ПИР Федералдық білім және кәсіптік даярлау министрлігі жанындағы Пәкістанның білім беру гранттары қорына (Pakistan Education Endowment Fund, PAK-EEF) 1 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлуді тапсырған болатын.

Пәкістан тарапы ұйымдастырған салтанатты рәсімге ҚР Елшісі Е.Қыстафин, Пәкістанның Білім және кәсіптік даярлау жөніндегі мемлекеттік министрі В. Камар, сондай-ақ Пәкістанның Сыртқы істер министрлігі, Білім министрлігі және өзге де мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Өз сөзінде PAK-EEF қорының бас атқарушы директоры С.Сухайл көрсетілген қолдау үшін Қазақстан басшылығына алғыс білдіріп, ҚР жоғары оқу орындарымен бірлесіп білім беру саласында бірқатар жобаларды іске асыру ниетін жеткізді. Аталған жобалар аясында пәкістандық студенттерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістанның жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту көзделуде.

Іс-шара барысында Елші Е.Қыстафин Қазақстанның білім беру, академиялық алмасулар, кадрлар даярлау және адами капиталды дамыту салаларындағы Пәкістанмен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бейілді екенін растады. Ол білім беру саласына салынған инвестициялар Қазақстан мен Пәкістан халықтарының ортақ бейбіт, орнықты әрі гүлденген болашағына қосылған маңызды үлес екенін атап өтті.

Өз кезегінде В.Камар Қазақстан халқына алғыс білдіріп, жуық арада жоспарланған бастамаларды егжей-тегжейлі талқылау және оларды іске асыру жөніндегі жол картасын әзірлеу мақсатында Астана қаласына делегация жіберу ниетін мәлімдеді.

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындау үшін екі елдің қорлары мен жетекші жоғары оқу орындары арасында келіссөздер ұйымдастыруға уағдаласты.