Исламабад, 2026 жылғы 20 маусым – Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 3–4 ақпандағы Исламабадқа жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру шеңберінде, сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістан Бокс федерациялары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумның және 2026 жылға арналған Жол картасына сәйкес, 2026 жылғы 16–20 маусым аралығында Қазақстан Бокс федерациясының делегациясы Исламабад қаласына іссапармен келді.
Исламабад қаласындағы Қазақстан-Пәкістан «Достық» спорт орталығының базасында қазақстандық мамандар Дамир Буданбеков пен Нұржан Қондыбаев Пәкістан Бокс федерациясының боксшылары мен жаттықтырушылар құрамына арналған кешенді оқу-жаттығу семинарлары мен шеберлік сабақтарын өткізді.
Аталған бастама спортшылардың техникалық, тактикалық және дене даярлығы деңгейін арттыруға, сондай-ақ тәжірибе алмасу және заманауи спорттық даярлық әдістемелерін енгізу арқылы жаттықтырушылардың кәсіби құзыреттерін жетілдіруге бағытталған.
Баспасөз конференциясы барысында Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Е.Қыстафин спорт саласындағы екі ел арасындағы іс-қимылды одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру өзара достық байланыстарды нығайтуға және спорт ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететінін мәлімдеді.
Өз кезегінде Пәкістан Бокс федерациясының президенті И.Тунг аталған бағдарлама екіжақты өзара түсіністік туралы меморандум аясында іске асырылған алғашқы ірі практикалық жоба болғанын атап өтіп, Қазақстан серіктестерімен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдірді.
Сонымен қатар, оқу-жаттығу жиындарына қатысу үшін Исламабад қаласына пәкістандық текті танымал британдық кәсіпқой боксшы Амир Хан келіп, екі елдің жаттықтырушыларымен кездесіп, бокс әуесқойларына арналған шеберлік сабағын ұйымдастырды.
Жабылу рәсімінде ПИР Өңіраралық үйлестіру министрлігінің Федералдық хатшысы А.Мохюддин Қазақстан тарапына алғыс білдіріп, елдеріміз арасындағы спорт дипломатиясын одан әрі дамытуға ниетті екенін растады.
«Достық» спорт орталығын жабдықтармен және спорттық керек-жарақтармен қамтамасыз еткен «RDX» компаниясы Қазақстаннан келген қонақтарға арнайы естелік сыйлықтар әзірледі.
Қазақстанның Пәкістандағы Елшілігі ҚР Бокс федерациясының президенті Шахмұрат Муталипке ҚР жаттықтырушылардың сапарын ұйымдастыруға көрсеткен жеке қолдауы және аталған бірлескен жобаны іске асыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.