
Исламабад, 2026 жылғы 30 сәуір – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин елорданың жетекші жоғары оқу орындарының бірі - Бария Университетіне барып, университет ректоры Абид Хамид-пен кездесу өткізді, сондай-ақ студенттер мен профессор-оқытушылар құрамына дәріс оқыды.
Жоғары оқу орнының басшылығымен өткен кездесуде білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту және Қазақстан университеттерімен тікелей байланыстар орнату мәселелері талқыланды. А. Хамид үлкен қызығушылық танытып, байланыстарды нығайту мақсатында Қазақстанға делегация жіберу ниетін білдірді.
Дәріс Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қатынастарды дамытудың өзекті мәселелеріне, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың ағымдағы жылғы 3-4 ақпанда Пәкістанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындыларына, сондай-ақ Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалардың негізгі бағыттарына арналды.
Өз сөзінде Елші Қазақстан-Пәкістан ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын жан-жақты баяндап, саяси диалогтың қарқынды дамуын, сауда-экономикалық байланыстардың кеңеюін және мәдени-гуманитарлық байланыстардың екіжақты әрі өңірлік форматтарда нығаюын атап өтті.
2003 жылдан бері алғаш рет жүзеге асқан Мемлекет басшысының Пәкістанға сапарына ерекше назар аударылды. Сапар қорытындысы бойынша Стратегиялық әріптестік орнату туралы Бірлескен декларацияға қол қойылып, 70-тен астам екіжақты келісімдер мен меморандумдар жасалды.
Дәрістің жеке бөлімінде Қазақстандағы саяси реформаларды іске асыру мәселелері қарастырылып, ағымдағы жылғы 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша Конституцияның жаңа редакциясы қабылданғаны атап өтілді. Елші елдің саяси жүйесін жаңғырту, Парламенттің рөлін күшейту, адам құқықтарын қорғау тетіктерін дамыту және мемлекеттік басқарудың неғұрлым ашық әрі есеп беретін моделін қалыптастыру үдерісі туралы айтты.
Сондай-ақ Елші өңірлік өзара іс-қимылдың артып келе жатқан маңызын атап өтіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, орнықты даму, көлік байланыстылығын дамыту және жаңа экономикалық бастамаларды іске асыру бағытындағы бірлескен күш-жігердің қажеттілігін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар Елші университеттің BUTV телеарнасына сұхбат беріп, онда екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын қосымша баяндап, мәдени-гуманитарлық өлшемге ерекше назар аударды.