Қазақстан мен Пәкістанның туризм саласындағы ынтымақтастығын дамыту туралы

Қазақстан мен Пәкістанның туризм саласындағы ынтымақтастығын дамыту туралы

Исламабад, 2026 жылғы 30 наурыз – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Е. Қыстафин Пәкістан Премьер-министрінің туризм жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Сардар Ясир Ілияс Ханмен кездесті.
Елші ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың осы жылдың ақпан айында Исламабадқа жасаған мемлекеттік сапарының негізгі қорытындылары туралы айтып берді.
Екі тарап өткен келіссөздер мен іс-шараларға жоғары баға беріп, олардың жоғары өнімділігі мен сапалы мазмұнын атап өтті.
Сонымен қатар, сапар шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтар аясында тараптар туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, оның ішінде туроператорлар, қонақ үй кешендері, бейінді оқу орындары арасында байланыс орнату мәселелерін талқылады.
Ұлттық үйлестіруші биыл Қазақстан қалаларына бару және Қазақстанның туристік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен және іскер топтармен кездесулер өткізу үшін делегация ұйымдастыруға ниет білдірді.
Ержан Қыстафин Пәкістанға келген Қазақстан делегацияларына көрсеткен қолдауы мен жылы қонақжайлылығы үшін Сардар Ясир Ілияс Хан мырзаға тағы да алғысын білдірді.