Исламабад, 2026 жылғы 12 ақпан – Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаевтың Исламабадқа сапары аясында Пәкістанда аккредиттелген Академияға мүше және бақылаушы мемлекеттердің елшілерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында А. Кесікбаев Түркі академиясының қызметі, оның негізгі ғылыми-білім беру жобалары, сондай-ақ түркі әлемі елдері мен Пәкістанның ғалымдары және ғылыми мекемелерімен ынтымақтастығы туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол ғылым, мәдениет және білім беру салаларындағы өңірлік өзара іс-қимылды дамыту үшін академиялық байланыстарды нығайту мен бірлескен зерттеулердің маңыздылығын атап өтті.
Мүше және бақылаушы мемлекеттердің елшілері Академия бастамаларына жоғары қызығушылық танытып, белсенді ынтымақтастыққа дайын екендіктерін растады. Олар бірлескен жобалардың Пәкістан мен түркі әлемі елдері арасындағы академиялық, ғылыми және мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызын атап өтіп, мұндай бастамалардың ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік үшін зор әлеуетке ие екенін жеткізді.
ТМҰ-ға мүше және бақылаушы мемлекеттердің елшілеріне Түркі академиясының үйлестіруімен түркі әлемі елдері мен Пәкістан ғалымдарының қатысуымен дайындалған «Пәкістан және түркі әлемі» атты монография таныстырылып, табысталды.