
Исламабад, 2026 жылғы 23 қаңтар - Пәкістан Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігі жанындағы Аймақтық зерттеулер институтында Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафиннің қатысуымен Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналған семинар өтті.
Іс-шараға академиялық орта өкілдері, сараптамалық орталықтардың мамандары, бейіндік мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттер, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Е. Қыстафин Астана мен Исламабад арасындағы ынтымақтастықты іске асырудың негізгі бағыттары мен практикалық тетіктеріне жан-жақты тоқталып, саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, өңірлік өзара байланыстылық, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, мәдени алмасу және халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азиядағы транзиттік көлік-логистикалық хабтар ретіндегі Қазақстан мен Пәкістанның рөліне, өңірлік интеграция аясында ынтымақтастықты кеңейту перспективаларына ерекше назар аударылды.
Елші транзиттік-көлік күн тәртібінің басым маңыздылығына жеке тоқталып, осы тұрғыда Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысының негізгі қорытындылары туралы баяндады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті берген, Қазақстанды Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік бағыттары бойынша халықаралық деңгейдегі негізгі көлік-логистикалық хаб ретінде дамытуға бағытталған тапсырмаларға ерекше мән берілді.
Іс-шараға қатысушылар екіжақты жобаларды іске асырудағы мүмкіндіктер мен сын-қатерлерді, сондай-ақ кеңірек өңірлік контексте өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетудің ықтимал бағыттарын талқылады.
Елші Аймақтық зерттеулер институтына және Институт басшысы, Елші Жохар Сәлімге іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіреді.