
Исламабад, 2025 жылғы 11 желтоқсан – Пәкістан Дипломатиялық қызмет академиясының басшылығының шақыруымен Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Қазақстан мен Пәкістан арасындағы өзара іс-қимылдың, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азия аймақтарындағы ынтымақтастықтың даму перспективаларына арналған дәріс өткізді.
Өз сөзінде Е.Қыстафин ҚР мен ПИР арасындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және білім беру салаларындағы өзара ықпалдастықтың қазіргі жағдайына жан-жақты тоқталды.
Елші сонымен қатар көлік-логистикалық бағытты жеке атап өтіп, бұл саланың Қазақстан, Орталық Азия елдері мен Пәкістан, сондай-ақ Оңтүстік Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетудегі маңызды рөлін ерекше атап көрсетті және осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады.
Академия тыңдаушылары өңірлік қауіпсіздік, көлік дәліздерін дамыту, инновациялар және халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы жастардың рөлі жөніндегі мәселелерге айрықша қызығушылық танытты.