«Діндер арасындағы диалог: Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 8-ші съезінің қорытындылары» атты дөңгелек үстел

«Діндер арасындағы диалог: Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 8-ші съезінің қорытындылары» атты дөңгелек үстел
Исламабад, 2025 жылғы 27 қараша – Қазақстан Республикасының Пәкістандағы Елшілігі Аймақтық зерттеулер институты (IRS) және Исламабад Халықаралық ислам университетімен (IIUI) бірлесе отырып, 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте Астанада өткен Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 8-ші съезінің қорытындыларына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды. Іс-шараға Пәкістанның мемлекеттік органдары, академиялық мекемелері, дін өкілдері және студенттік жастар қатысты.
Іс-шараның құрметті қонағы ретінде соңғы 8-ші Съезде Пәкістан делегациясын басқарған Дін істері және конфессияаралық келісім бойынша Федералды министр Сардар Мұхаммад Юсуф қатысты.
Спикерлер ретінде Дін істері және конфессияаралық келісім бойынша Мемлекеттік министр Кесу Мал Хеал Дас, Пенджаб провинциясының Азшылық істері министрі Сардар Рамеш Сингх Арора, Ислам зерттеу институтының бас директоры профессор Мухаммад Зия-уль-Хак, Иса Мәсіх шіркеуінің өкілі Келли Джонсон, сондай-ақ онлайн форматта – Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы төрағасының орынбасары Марат Қалижанов қатысты.
IRS Президенті, Елші Ж.Сәлім өз сөзінде Қазақстанның бастамасының өзектілігін ерекше атап өтіп, әртүрлі конфессиялар арасындағы диалогты қолдаудың және нығайтудың маңыздылығын жеткізді.
Елші Е.Қыстафин форумның құрылу тарихы, мақсаты мен міндеттері туралы қатысушыларға айтып беріп, Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 8-ші съезінің негізгі қорытындылары мен қабылданған Қорытынды декларацияны таныстырды.
Федералды министр С.Юсуф өткен 8-ші Съезд туралы өз әсерлерімен бөлісіп, дін саммитінің қорытындысы бойынша ұсынылған бастамаларды атады.
Оның сөзінше, Астаналық декларация формальдылық емес, мемлекеттердің бейбітшілік пен өзара құрметке ұмтылуына негізделген жаһандық үйлесімділікті нығайтуға арналған толыққанды бағдар болып табылады. Ол Пәкістан бұл қағидаларды ел ішінде де, халықаралық аренада да тұрақты түрде ұстанатынын айтты.
Министр сондай-ақ Пәкістан Қазақстанды тек стратегиялық серіктес ретінде ғана емес, сонымен бірге рухани дипломатиядағы маңызды қатысушы ретінде қарастыратынын атап өтті және ғылыми, дін, жастар және гуманитарлық салаларда ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірді.
Секретариат мүшесі, соңғы Съезде Ізгі ниет елшісі мәртебесін алған доктор М.Зия-уль-Хак секретариаттың қызметі туралы хабарлап, Қазақстанның конфессияаралық диалогты дамыту және нығайтудағы ізгі мақсаттарын атап өтті.
Өз тарапынан М.Қалижанов алдыңғы спикерлердің тезистерін қолдап, қатысушыларға 8-ші Съезге дайындық аясында Халықаралық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығының жұмысын таныстырды.
Жалпы алғанда, дөңгелек үстелдің спикерлері мен қатысушылары Қазақстан бастамасын жоғары бағалап, Пәкістан тарапынан одан әрі қолдау мен белсенді қатысудың қажеттілігін, сондай-ақ қазақстандық серіктестермен бірлескен ынтымақтастықты атап өтті.