
Исламабад, 2025 жылғы 26 қараша – Пәкістан астанасында 2025 жылдың қорытындысы бойынша дипломатиялық өкілдіктер басшыларының, халықаралық ұйымдар кеңселерінің және іскер топтар өкілдерінің қызметін бағалауға арналған «Global Ambassador Awards» атты жетінші жыл сайынғы салтанатты рәсім өтті.
Іс-шараны Пәкістанның беделді «The Diplomatic Insight» журналы (Diplomatic Insight Group, DIG) Institute of Peace and Diplomatic Studies зерттеу-талдау орталығымен бірлесе ұйымдастырды.
Салтанатты жиынның құрметті қонақтары ретінде Пәкістан Президентінің баспасөз хатшысы Мұртаза Соланги, сондай-ақ Премьер-министрдің арнайы көмекшісі, Ұлттық мұра және мәдениет істері жөніндегі Мемлекет министрі Хузайфа Рехман қатысты.
Биылғы жылы алғаш рет арнайы «Жыл елшісі» сыйлығы тағайындалды. Номинация бойынша үміткерлерді анықтау мақсатында Пәкістанның саяси, ресми, дипломатиялық, іскер және академиялық орта өкілдері арасында кешенді сауалнамалар жүргізілді.
Зерттеу нәтижелері бойынша «Жыл елшісі» атағы Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Қыстафинге Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін берілді.
Айта кету керек, Исламабадтағы дипломатиялық корпус құрамына 120-дан астам дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдіктері кіреді. Солардың ішінен биыл аталмыш марапатқа ие болған жалғыз елші - Қазақстан Елшісі.
Бұдан бұрын, 2022 жылы да Е.Қыстафин «Global Ambassador Awards» сыйлығымен марапатталған болатын. Бұл Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Елшілігі жүргізіп отырған жүйелі және нәтижелі жұмыстың жоғары бағаланатынын айқын көрсетеді.
Елші Е.Қыстафин “Diplomatic Insight Group” басшысы Мұхаммад Асиф Нұрға және “Institute of Peace and Diplomatic Studies” директоры Фархат Асиф ханымға Елшілік қызметіне берілген жоғары бағасы үшін алғысын білдірді.