Елші екі күндік «Маргала диалогы 2025» халықаралық форумына қатысты

Елші екі күндік «Маргала диалогы 2025» халықаралық форумына қатысты

Исламабад, 2025 жылғы 12 қараша – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Исламабадтың Саяси зерттеулер институты (IPRI) ұйымдастырған екі күндік халықаралық «Margalla Dialogue 2025» форумына қатысып, өңірлік қауіпсіздік, өзара байланыс және экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне арналған сессияда сөз сөйледі.
Форумға Қазақстан, Пәкістан, АҚШ, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Иран, Ұлыбритания, Катар және Португалия елдерінің жетекші дипломаттары, сарапшылары, ғылыми және іскер топтарының өкілдері қатысты. Қатысушылар өңірлік тұрақтылықты нығайту, көлік-логистика дәліздерін дамыту және Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылды кеңейту жолдарын талқылады.
Қазақстан тарапынан ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Мұхит Асанбаев қатысып, өңірлік экономикалық қауіпсіздікті нығайтудағы Қазақстанның рөлі туралы баяндама жасады.
Өз сөзінде Елші Е.Қыстафин Қазақстанның стратегиялық көзқарасын айқындап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмаларының маңыздылығын ерекше атап өтті.
Осы тұрғыда ол Пәкістанмен ынтымақтастыққа ерекше мән берілетінін, бұл өз кезегінде Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ Еуразия, Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия және Парсы шығанағы елдерін байланыстыратын дәнекер болуға ықпал ететінін атап өтті.
Негізгі шарт ретінде Елші өңірдегі қауіпсіздікті нығайту қажеттігін және осы мақсатта терроризммен, экстремизммен, радикализммен, есірткі айналымымен, заңсыз көші-қонмен және басқа да қауіптермен күресте құқық қорғау органдары арасындағы тікелей өзара іс-қимылды жолға қою арқылы ұжымдық жүйелі шараларды әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.