
Исламабад, 2025 жылғы 4 қараша – Қазақстанның Исламабадтағы елшілігі «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығымен бірлесіп Қазақстанның Пәкістандағы Сауда-экономикалық миссиясы қарсаңында Қазақстан бизнес өкілдерімен «Пәкістанның іскерлік мүмкіндіктері» тақырыбында онлайн-семинар өткізді.
Кездесу барысында Елші Е.Қыстафин Пәкістанның экономикалық әлеуеті, негізгі салалары және олардың көрсеткіштері, биік және жоғары деңгейдегі өткен және алдағы іс-шаралар, сондай-ақ ү.ж. 29 сәуірінде Исламабад қ. өткен Қазақстан-Пәкістан Үкіметаралық комиссиясының 13-ші отырысының негізгі қорытындылары туралы хабардар етті.
Елші Қазақстанның бизнес-қоғамдастығын Пәкістанның іскер топтарымен байланысты белсенді дамытуға шақырды, ауыл шаруашылығы және азық-түлік, химия және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, медициналық құралдар мен фармацевтика, спорттық тауарлар, IT және білім беру сияқты салалардағы елеулі әлеуетті атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан дипломатиялық миссияның басшысы Қазақстан мен Пәкістанды байланыстыратын халықаралық көлік дәліздерін қалыптастыру және нығайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ бизнес өкілдері үшін визаларды ресімдеу мәселелері туралы айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанның Исламабадтағы Елшілігі мен Пәкістанмен бизнес-байланыс орнатуға қызығушылық танытқан отандық кәсіпкерлер арасында тікелей өзара іс-қимылды жолға қою жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.