Қазақстан мен Пәкістан дінаралық ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан мен Пәкістан дінаралық ынтымақтастықты талқылады

Исламабад, 2025 жылғы 17 қазан – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин мен Пәкістанның Дін істері және конфессияаралық үйлесім жөніндегі федералды министрі Сардар Мұхаммад Юсуфтің кездесуі өтті.

Елші Ержан Қыстафин әріптесіне екіжақты күн тәртібінің негізгі бағыттары, соның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту туралы баяндады.

Министр Сардар Мұхаммад Юсуф биыл Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне қатысуын ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдіріп, бұл халықаралық форум жоғары деңгейде және ауқымды өткенін атап өтті. Оның сөзінше, Съезд отырыстары мазмұнды және жемісті болғанын, ал форумның өзі қазіргі әлемдегі келісім мен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған өркениетаралық диалогтың жарқын үлгісіне айналды.

Министр өз жұмысы аясында бірқатар бастамаларды, соның ішінде Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға ниетті екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар биыл және келесі жылы Исламабадта бейбітшілік мақсатындағы конфессияаралық диалогты нығайтуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруға келісті.