Қазақстан мен Пәкістан фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты дамытуда

Қазақстан мен Пәкістан фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты дамытуда

Исламабад, 2025 жылғы 23 қыркүйек – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин «Hiranis Pharmaceuticals» фармацевтикалық компаниясының Бас атқарушы директоры Аднан Хирани қабылдады.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанда бизнесті дамытудың перспективалары жөнінде мазмұнды пікір алмасып, фармацевтика және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударды.

Елші Е.Қыстафин инвестициялар мен экспорттық қызметті қолдаудың қолданыстағы мемлекеттік шаралары, сондай-ақ еліміздегі қолайлы инвестициялық ахуал туралы жан-жақты ақпарат берді.

Өз кезегінде А.Хирани Орталық Азия өңірінде, соның ішінде Қазақстандағы тәжірибесімен бөлісіп, іскерлік байланыстар орнату және ынтымақтастықты дамыту үшін жақын арада Қазақстанға бару ниетін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша А.Хиранидың Пәкістанның фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығының (PPMA) мүшелерімен бірге Қазақстанға сапарын ұйымдастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.