Исламабад, 2025 жылғы 8 тамыз – ҚР ПИР Елшісі Е.Қыстафин Пәкістанның Федералдық байланыс министрі Абдул Алим Ханмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында елдер арасындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелері, соның ішінде 2025 жылдың екінші жартысына арналған жоспарлар талқыланды. Е.Қыстафин көлік байланыстарының маңыздылығына назар аударып, Қазақстанның халықаралық көлік дәліздерін, әсіресе теміржол бағыттарын дамыту мен жаңғыртуды жандандыру ниеті бар екенін жеткізді. Бұл елдер арасындағы, сондай-ақ өңірлік деңгейдегі сауданың артуына ықпал ететіні атап өтілді.
Министр Абдул Алим Хан ұсынылған бастамаларды қолдап, логистиканы тиімді ұйымдастыру мақсатында мультимодальды бағыттарды дамытуға қызығушылық білдірді. Сонымен қатар, ол Қазақстан тарапына осы көлік дәлізі жобасына кіретін теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын Пәкістан бір жылдың ішінде аяқтауды жоспарлап отырғанын жеткізді.