Пәкістан астанасының іскер топтары Қазақстанмен экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі

Пәкістан астанасының іскер топтары Қазақстанмен экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі

Исламабад, 2025 жылғы 30 шілде – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин құрылыс, жылжымайтын мүлік, ақпараттық технологиялар, туризм, білім беру, полиграфия, күзет қызметтері және жеңіл өнеркәсіп салаларын ұсынатын Пәкістан астаналық кәсіпкерлерімен кездесу өткізді. Делегацияны Халықаралық бизнес және көрмелерді ұйымдастыру орталығының (CIBEO)  төрағасы Рашид Хумаюн мырза бастап келді.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын жан-жақты талқылап, екі елдің кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстарды нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Елші Е.Қыстафин қатысушыларды бұған дейін өткізілген және алдағы жоспарланған іскерлік іс-шаралармен, сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістан арасындағы іскерлік диалогты жандандыруға бағытталған тұрақты бизнес алаңдарын құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды.

Өз тарапынан пәкістандық кәсіпкерлер өзара тиімді жобаларды іске асыру мақсатында ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын зерделеуге және пысықтауға қызығушылық танытты.

Кездесу қорытындысы бойынша екі ел арасындағы инвестициялық және сауда мүмкіндіктерді кеңінен таныстыру мақсатында, Пәкістанның Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясының алаңында іскерлік қауымдастық өкілдерінің қатысуымен жеке іс-шара өткізу жөнінде келісімге қол жеткізілді.