Жамбыл Жабаевтың 175-жылдық мерейтойы қарсаңында суырып салма ақынның өмірбаянын және шығармашылығы жайлы деректі және көркем фильмдер топтамасын ұсынамыз.
1. Жамбыл фильмі (2016)
4 бөлімнен тұратын «Жамбыл» фильмі ақынның 170-жылдық мерейтойына «Қазақстан» телеарнасымен арнайы әзірленген. Көркем фильмде оның шығармашылығы мен өмір жолы толықтай көрсетілген.
2. «Өмір жолы». Жамбыл Жабаев
«Хабар» телеарнасының «Өмір жолы» телехабарының бұл бөлімі - жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың өмірбаянының маңызды сәттерінен шолу.
3. «Ұлт мақтанышы». Жамбыл Жабаев
«Қазақстан» телеарнасының «Ұлт мақтанышы» деректі фильмдер топтамасының кезекті бөлімінде тарихшылар және ғалымдар Жамбыл Жабаев жайлы баяндайды.
4. «Жамбыл» (1952 ж.)
Жамбыл Жабаев жайлы түсірілген алғашқы көркем фильмдердің бірі. Басты рөлдерді Шәкен Айманов, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев сияқты әйгілі кино және театр өнер саңлақтары сомдаған.
5. «Жамбылдың жастық шағы» (1996 ж.)
Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы Жамбыл Жабайұлының жастық шағы мен оның ақындық жолы жайында түсірілген фильм ақынның 150 жылдық мерейтойына арналған.