Гонконгта Қазақстанмен инвестициялық-экономикалық өзара іс-қимыл және ынтымақтастық перспективалары талқыланды

Гонконгта Қазақстанмен инвестициялық-экономикалық өзара іс-қимыл және ынтымақтастық перспективалары талқыланды

Гонконг, 2026 жылғы 29 қаңтарҚазақстан Республикасының Гонконг арнайы әкімшілік ауданындағы Бас консулы Бауыржан Досманбетов Қазақстанның инвестициялық жобалары аясында іскерлік ынтымақтастықты жандандыру мақсатында Гонконгтың іскер топтары мен даму институттарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Атап айтқанда, «China Kingstone Mining Holdings Limited» компаниясының өкілдерімен келіссөздер жүргізіліп, гонконгтық компанияға тау-кен өндіру саласындағы жобалар таныстырылды. Компанияның жобаларды әзірлеу кезеңінен бастап өндіру және өткізуге дейін басқарудағы тәжірибесін ескере отырып, одан әрі ынтымақтастық жөнінде алдын ала келісімге қол жеткізілді.

China Kingstone Mining Holdings Limited – пайдалы қазбаларды өндірумен, сондай-ақ мәрмәрді өңдеу және сатумен айналысатын инвестициялық холдингтік компания. Компания Қытайдағы ең ірі мәрмәр кенішіне, сондай-ақ Чили мен Моңғолиядағы кен орындарына ие.

Гонконгтың Сауданы дамыту жөніндегі кеңесінің (HKTDC) Орталық Азия және Еуропа бойынша өңірлік директоры Крис Лоумен және Гонконг АӘА Үкіметі жанындағы Инвестициялар тарту агенттігінің (InvestHK) халықаралық нарық, консулдықтар және сауда палаталары жөніндегі басшысының орынбасары Кейси Ламмен өткен келіссөздердің негізгі тақырыбы екіжақты іскерлік ынтымақтастықты жандандырудың практикалық қадамдары болды. Қазақстан мен Гонконг арасындағы тауар айналымын Қазақстан Республикасынан экспорт көлемін арттыру арқылы ұлғайту мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті. Бас консул «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ ұсынған 200-ден астам экспорттық тауар таныстырды. Өз кезегінде, гонконгтық тарап қазақстандық өндірушілерді 2026 жылы HKTDC ұйымдастыратын «Hong Kong Food Expo» көрмесіне белсенді қатысуға шақырды.

Hong Kong Food Expo – Азиядағы азық-түлік пен сусындар саласындағы ең ірі жыл сайынғы көрме болып табылады. Ол жаңа өнімдерді ілгерілетуге, сала қатысушылары арасында іскерлік байланыстар орнатуға және азық-түлік нарығындағы соңғы үрдістер жөнінде білім алмасуға бағытталған.

Сонымен қатар, тараптар жасанды интеллект (ЖИ), ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ), сондай-ақ заманауи сауда инфрақұрылымы мен логистиканы дамыту маңыздылығы артып келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты HKTDC өкілдері бірқатар қазақстандық компанияларды 2026 жылғы сәуір айында өтетін «InnoEX» форумына қатысуға шақырды.

InnoEX – инновациялар мен озық технологияларға (AI, ақылды қалалар, цифрлық инфрақұрылым) арналған ірі гонконгтық көрме-форум. Ол болашақ үрдістерді талқылау және ынтымақтастық орнату мақсатында сарапшыларды, кәсіпкерлерді және инвесторларды біріктіреді.

Бас консул алдағы жылдары Қазақстан Республикасына келетін шетелдік туристер санының айтарлықтай арта түсетінін атап өтті. Осыған байланысты «InvestHK» өкілдері Қазақстанда қонақүй кешендерін салуға қызығушылық білдіріп, бұл бағыттың туристік инфрақұрылымды дамытудағы әлеуетін ерекше атап өтті.

Кездесулер қорытындысы бойынша 2026 жылдың бірінші жартысында Гонконг кәсіпкерлерінің Қазақстанға сапарын ұйымдастыру және бірлескен бастамаларды одан әрі ілгерілету жөнінде келісімге қол жеткізілді.