Гонконгта қазақстандық экспортты ілгерілету мәселесі талқыланды

Гонконгта қазақстандық экспортты ілгерілету мәселесі талқыланды

Гонконг, 2025 жылғы 26 қараша –Қазақстан Республикасының Гонконг АӘА-дағы Бас консулдығы аймақтағы ең ірі және беделді дистрибьюторлық компаниялардың бірі «Uni-China Group»-пен ресми кездесу өткізді. Кездесудің мақсаты екіжақты сауда байланыстарын нығайту және Қазақстанның азық-түлік экспортын Гонконг нарығына ілгерілету мәселелерін талқылау болды.

Кездесу барысында Бас консул Қазақстанның сауда мүмкіндіктеріне арналған презентация ұсынып, экспорт мүмкіндігі жоғары салаларды атап көрсетті. Ауыл шаруашылығы секторына, азық-түлік өнімдеріне, фармацевтикаға, химиялық заттарға және жеңіл өнеркәсіпке ерекше назар аударылды. Қазақстан өнімдерінің жоғары сапасы және қажетті көлемде жеткізу сенімділігі атап өтілді.

«Uni-China Group» компаниясының жоғарғы басшылығы Джеймс Линг (Төрағаның орынбасары), Эйприл Хуан (Бас директор) және Иван Тин (Аға менеджер) Қазақстан өнімдерін импорттау мүмкіндігін жоғары бағалады.

Қызығушылық тудырған өнімдердің сапасымен танысу және Гонконгқа жеткізу мүмкіндіктерін талқылау мақсатында тараптар үлгілерді сынақтан өткізуге келісті. Бас консулдық Қазақстанның бұл ынтымақтастықты әр кезеңде ілгерілетуге дайын екенін білдірді және Азия-Тынық мұхиты аймағының Қазақстан саудасын дамытудағы стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

«Uni-China Group» компаниясының орташа жылдық айналымы 6 миллиард АҚШ долларды құрайды. Компания 1000-нан астам сауда нүктелерін басқарады және әлемнің 30 елімен серіктестік орната отырып, нарықтың әртүрлі секторларын қамтиды.