Қазақстан мен Финляндия ЕҚЫҰ шеңберінде бірлескен күш-жігерді нығайтуда

Қазақстан мен Финляндия ЕҚЫҰ шеңберінде бірлескен күш-жігерді нығайтуда

Хельсинки, 2025 жылғы 30 сәуір - Қазақстан Республикасының Елшісі Азамат Әбдіраимовтың ЕҚЫҰ-ның қазіргі Төрағасы, Финляндия Республикасының Сыртқы істер министрі Элина Валтоненмен кездесуі өтті.

Кездесу барысында Қазақстан Елшісі А.Әбдіраимов Финляндияны ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудің 2025 жылғы жауапты миссиясымен құттықтады. Ол Финляндия төрағалығы Хельсинки Қорытынды Актісіне қол қоюдың алдағы 50 жылдық мерейтойы шеңберінде аймақтағы халықаралық ынтымақтастық пен қауіпсіздік қағидаттарын белгілеген іргелі құжат аясында ерекше символдық мәнге ие болатынын атап өтті.

Қазақстандық дипломат Финляндияның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің басымдықтарына, атап айтқанда климаттың өзгеруі және киберқауіпсіздік, БАҚ бостандығы, медиа сауаттылық, адам құқықтарын қорғау, гендерлік теңдік және инклюзивтілік сияқты өзекті мәселелер бойынша қолдау білдірді.

Сонымен қатар, тараптар екіжақты күн тәртібінің ағымдағы және өзекті мәселелерін, сондай-ақ 2025 жылға арналған іс-шаралар кестесін талқылады.

Өз кезегінде Э.Валтонен Хельсинкидің қорытынды актісінде белгіленген принциптерді практикалық іске асырудың маңыздылығына тоқталып, олардың қазіргі жағдайда өзгермейтін өзектілігін көрсетті. Ол сондай-ақ 2010 жылғы Астана Саммитінің қорытынды декларациясының және ЕҚЫҰ-ның жан-жақты қауіпсіздік, ынтымақтастық және халықаралық құқықты құрметтеу негіздерін қалыптастыратын басқа да іргелі құжаттарының маңызды рөлін атап өтті. Диалогты нығайтуға, бейбіт бастамаларды ілгерілетуге және өңірлік тұрақтылықты дамытуға қосқан үлесін қоса алғанда, Қазақстанның ЕҚЫҰ шеңберіндегі белсенді және сындарлы ұстанымы ерекше айтылды.