«Оқитын ұлт» жалпыұлттық жобасы аясында Финляндиядағы Қазақстан Елшілігінде әдеби кеш өтті

«Оқитын ұлт» жалпыұлттық жобасы аясында Финляндиядағы Қазақстан Елшілігінде әдеби кеш өтті

Хельсинки, 2026 жылғы 10 маусым - Қазақстанның Финляндиядағы Елшілігінде Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романына арналған әдеби кеш өтті. Іс-шара Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында ҚР-дың Финляндиядағы Елшілігі мен «Сәуле» мәдени қоғамының бірлескен ұйымдастыруымен өткізілді.

Іс-шара барысында қатысушылар көрнекті қазақ жазушысы, қоғам қайраткері әрі қазақ прозасының негізін қалаушылардың бірі Ж.Аймауытовтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасымен танысты. Әсіресе қазақ әдебиетіндегі алғашқы психологиялық романдардың бірі саналатын және ұлттық мәдени мұрадан ерекше орын алатын «Ақбілек» романына ерекше назар аударылды.

Әдеби кеш аясында шығарманы бірлесіп оқу және талқылау ұйымдастырылды. Қатысушылар романның негізгі сюжеттік желілерімен, идеялық мазмұнымен танысып, рухани төзімділік, білімнің рөлі, әйелдің қоғамдағы орны және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері төңірегінде пікір алмасты. Сонымен қатар, қонақтар үшін Ж.Аймауытовтың өмірбаяны мен шығармашылығына арналған танымдық викторина өткізілді.

Осындай іс-шараларды өткізу қазақ әдебиетін шетелде насихаттауға, мәдени байланыстарды нығайтуға, тарихи жадты сақтауға және отандастар мен шетелдік аудитория арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді. Мұндай бастамалар қоғамның рухани-адамгершілік тәрбиесіне оң әсерін тигізіп, Қазақстанның бай мәдени мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға мүмкіндік береді.