
Хельсинки, 2026 жылғы 27 сәуір - Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов Финляндияның Сыртқы сауда және даму министрі Вилле Тавиомен кездесті.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат елімізде жүргізіліп жатқан экономиканы жаңғыртуға және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған реформалар туралы фин тарабына жан-жақты ақпарат берді.
Тараптар Қазақстан мен Финляндия арасындағы қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылай отырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және іскерлік байланыстарды тереңдетуге айрықша назар аударды. Уәкілетті органдар деңгейінде де практикалық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға өзара қызығушылық бар екені атап өтілді.
Алдағы уақытта өтетін Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия отырысына дайындық мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Бұл отырыс практикалық өзара іс-қимылды дамытуға және бірлескен бастамаларды іске асыруға қосымша серпін беруге тиіс.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар конструктивті диалогты жалғастыруға әрі өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін растады.