
Хельсинки, 2025 жылғы 3 қараша – Қазақстан Республикасының күнін мерекелеуге орай Финляндия астанасының «Musiikkitalo» ірі мәдени орталығында «Көшпенділердің ырғақтары» атты мерекелік музыкалық кеш өтті.
Іс-шараны Финляндиядағы Қазақстанның Елшілігі Алматы қаласы әкімдігі мен «Алматы әуендері» КМҚК-ның қолдауымен ұйымдастырды. Бағдарламада қазақстандық танымал ұжымдар – халық аспаптар ансамблі «Сазген сазы» мен этно-рок тобы «Ұлытау» өнер көрсетті. Олардың орындауында дәстүрлі күйлер, халық әндері және көшпелі мәдениеттің рухын, оның заманауи өркениетпен үйлесімді дамуын бейнелейтін заманауи музыкалық туындылар шырқалды.
Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов өз құттықтау сөзінде Республика күні – бұл Қазақстанның тәуелсіздігі мен бірлігінің, сондай-ақ елдің дамуға және әлемге ашық болуға деген ұмтылысының символы екенін атап өтті. «Бүгінгі концерт – біздің достықтың музыкалық көпірі. Сол арқылы біз халқымыздың мәдениетімен, тарихымен және рухымен бөлісеміз», – деді Елші.
Концертке 300-ден астам көрермен қатысты. Олардың қатарында ФР-дың ресми тұлғалары, мәдениет пен қоғам қайраткерлері, дипломатиялық корпус өкілдері, диаспора мүшелері мен студенттер болды.
Көрермендер қазақстандық әртістердің жоғары шеберлігіне, орындаушылықтың эмоциялық әсеріне және ұлттық әуендер мен заманауи ырғақтардың үйлесімді тоғысына ерекше ықылас білдірді.
Қазақстан Республикасының күніне арналған «Көшпенділердің ырғақтары» концерті Финляндияның мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, екі ел халықтарының арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға елеулі үлес қосты.