Хельсинкиде Қазақстандағы саяси өзгерістер талқыланды

Хельсинкиде Қазақстандағы саяси өзгерістер талқыланды

Хельсинки, 2025 жылғы 30 қыркүйек – Қазақстан Елшілігінде ҚР-дың Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов Финляндияның Шетелдік журналистері қауымдастығының мүшелерімен брифинг өткізді. Аталған қауымдастық Финляндияда жұмыс істейтін шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының жетекші өкілдерін біріктіріп, халықаралық күн тәртібін талқылау, ақпарат алмасу және дипломатиялық корпус пен медиа қауымдастық арасындағы диалогты жолға қою үшін беделді алаң болып табылады.

Кездесу барысында Елші ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауындағы негізгі бағыттарды таныстырды. Жолдау еліміздің алдағы жылдарға арналған стратегиялық даму бағытын айқындап, Қазақстанның жаңа цифрлық дәуірде лайықты орын алуға ұмтылысын білдіретінін атап өтті.

Ерекше назар Қазақстанның экономикалық өсуінің, бәсекеге қабілеттілікті арттырудың және азаматтардың өмір сапасын жақсартудың басты факторлары ретіндегі жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуға басымдық беруіне аударылды.

Қазақ дипломаты сондай-ақ елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар туралы жан-жақты баяндады. Ол Президенттік институтты, Парламентті және сот жүйесін реформалау демократияны нығайтуға, заң үстемдігі мен адам құқықтарын қорғауға бағытталғанын, ал экономикалық саясаттың негізгі басымдықтары – демонополизация, экономиканы әртараптандыру және шағын және орта бизнесті қолдау екенін атап өтті.

Брифингте Қазақстанның сыртқы саяси күн тәртібі де сөз болды. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясындағы сөйлеген сөзіне назар аударылды. Онда Қазақстан цифрлық басқару саласында халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуді, жасанды интеллект технологияларына әділ қолжетімділікті қамтамасыз етуді, сондай-ақ климаттың өзгеруімен күрес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және стратегиялық тұрақтылықты қолдау жөніндегі жаһандық тетіктерді нығайтуды жақтағаны атап өтілді.

Журналистер Қазақстанға зор қызығушылық танытып, ынтымақтастық мүмкіндіктері, екіжақты қатынастардың даму перспективасы, сондай-ақ еліміздің Еуропа мен Азия арасындағы көпір ретіндегі рөлі туралы сұрақтар қойды.

Елші Қазақстан мен Финляндияның жоғары және аса жоғары деңгейлерде тұрақты диалог жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Биыл Қазақстанға Финляндияның Сыртқы істер Министрі Э.Валтонен ресми сапармен келді, ал 2025 жылғы қазан айының соңында Финляндия Президенті А.Стуббтың Астанаға ресми сапары жоспарланып отыр. Бұл сапар екіжақты ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңі болмақ.