Қазақстан Елшісі Мартти Ахтисари атындағы Бейбітшілік қорының басшысымен ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады

Қазақстан Елшісі Мартти Ахтисари атындағы Бейбітшілік қорының басшысымен ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады

Хельсинки, 2025 жылғы 18 қыркүйек – Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов М.Ахтисари атындағы Бейбітшілік қорының Бас директоры Янн Тааласпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, екіжақты өзара іс-қимылдың болашағы зор бағыттарын қарастырды.

Қазақ дипломаты сұхбаттасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалармен таныстырып, Жолдаудың негізгі ережелеріне тоқталды. Әсіресе әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен саяси трансформацияға ерекше назар аударылды. Аталған бастамалардың фин тәжірибесімен үндес келетіні және жасыл энергетика, инновациялар мен жасанды интеллект салаларындағы бірлескен жобалар үшін мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.

Өз кезегінде Я.Таалас Қазақстандағы өзгерістерге қызығушылық танытып, жаһандық сын-қатерлерге қарсы халықаралық диалогты нығайтуға бағытталған елдің күш-жігерін жоғары бағалады.