Қазақстан Елшісі Вьетнам журналистика Академиясының студенттеріне дәріс оқыды

Қазақстан Елшісі Вьетнам журналистика  Академиясының студенттеріне дәріс оқыды

ХАНОЙ, 2022 жылғы 21 сәуір күні – Вьетнамның Журналистика және коммуникациялар Академиясы өз студенттері үшін Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Ерлан Байжановтың дәрісін ұйымдастырды.

Қазақстандық дипломаттың дәрісі үш түрлі тақырыптан тұрды. Олардың негізгісі Қазақстан журналистикасының тарихы туралы әңгіме болды. Тыңдаушылар журналистиканың Ұлы далада қалай дүниеге келгенін біле алды.  

– Қазақ ағартушылары Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев ұлттық журналистиканың негізін салушылар, оның алғашқы дарынды шеберлері болды, – деді Е.Байжанов. – Бұл қайраткерлер ресейлік журналдар мен газеттерге жазылды, журналистік сөздің құдіретін жақсы түсінді. Олардың жазғандары Қазақстанда шыққан алғашқы газеттерде жарияланды.

Елші 1913 жылы Орынборда құрылған, алдыңғы қатарлы қазақ зиялыларының саяси орталығы болған тұңғыш «Қазақ» жалпыұлттық газеттің  шығу тарихын баяндады. Оның негізін салушы – Ахмет Байтұрсынов болған. Оған осы газеттің жетекші авторлары болған Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов көмектесті. Бұлар қазақ халқының ең көрнекті өкілдері болды, олардың біразы Ресей Мемлекеттік Думасының депутаттары болды. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін олардың барлығы 1918 жылы құрылған тұңғыш демократиялық қазақ үкіметі Алаш-Орданың құрамына енді.

         Ерлан Байжанов кеңестік кезең мен Қазақстан журналистика тарихының жаңа кезеңіне де тоқталды. Ол бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Жаңа Қазақстан тұжырымдамасын ілгерілетуде, елді жүйелі түрлендіруге бағытталған ауқымды реформаларды қолдауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Дәрістің басқа бөліктерінде Елші аудиторияны журналистиканың гносеологиялық аспектілерімен және заманауи медиадағы әлеуметтік желілердің рөлімен егжей-тегжейлі таныстырды. Вьетнамдық аудитория дәріс мазмұнына үлкен қызығушылық танытып, елші болашақ вьетнамдық журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Іс-шара аясында елші академия ректоры Фам Мин Шонмен кездесіп, өзара тәжірибелік қызығушылық тудыратын ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары белгіленді.

Фам Минь Шон Қазақстанның үдемелі дамуын атап өтіп, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстанның дамуындағы одан әрі ілгерілеуді, демократияландырудың жаңа кезеңін, мемлекеттік құрылым жүйесі мен ұлттық экономиканы ел дамуындағы жаңа кезеңге бейімдеуді қамтамасыз етудегі жетекші рөлін ерекше атап өтті.

Анықтама: Вьетнам журналистика және коммуникациялар академиясы 1962 жылы 16 қаңтарда Хо Ши Мин Ұлттық Саясат Академиясының жанындағы құрылды.

60 жылдан астам даму барысында Академия шағын жинақталған мектептен Вьетнамдағы журналистика және коммуникация саласындағы жетекші оқу орнына айналды. 2015 жылғы 25 маусымда Вьетнам Үкіметінің шешімімен Журналистика және коммуникациялар академиясын ұлттық білім беру жүйесінің негізгі университеттерінің желісіне қосу туралы шешім қабылдады.

Академияда 41 бакалавриат, 20 магистратура және 6 докторантура бойынша 17 мыңнан астам студент білім алуда. Қазіргі уақытта академияның 29 филиалы, оның ішінде 17 факультет пен институт, сондай-ақ 12 кафедра мен орталықтар бар. Академия қызметкерлерінің жалпы саны 406 адамды құрайды.

Академияда тұрақты қызметкерлерден басқа, орталық және жергілікті деңгейде жүздеген жоғары лауазымды тұлғалар, сарапшылар, ғалымдар, саяси теория, журналистика, коммуникация және басқа да әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар бойынша сарапшылар бар.

Академия сонымен қатар Австрия, Ұлыбритания, Германия, Корея, Лаос және Швеция университеттерімен белсенді ынтымақтастықта.