
2026 жылғы 21 наурызда Ханой қаласында көктемгі жаңару мерекесі – Наурызға арналған мәдени фестиваль өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Елшілігімен, Әзербайжан Республикасының Елшілігімен және Ханой сауда және туризм колледжімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Наурыз – Қазақстандағы және Әзербайжандағы ең маңызды дәстүрлі мерекелердің бірі болып табылады. Ол жаңа жылдың басталуын, табиғаттың жаңаруын және адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті білдіреді. Бұл мереке адамдарды біріктіріп, достықты, өзара түсіністікті және мәдени дәстүрлерге деген құрметті нығайтады.
Ханойдағы фестиваль Қазақстан мен Әзербайжанның бай мәдени мұрасын таныстыру алаңына айналды. Бағдарлама аясында ұлттық музыка мен би өнері көрсетіліп, дәстүрлі тағамдар ұсынылды, сондай-ақ ұлттық ойындар мен интерактивті мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды.
Фестиваль қонақтарына бауырлас түркі халықтарының бірегей болмысын және ғасырлар бойғы дәстүрлерін бейнелейтін тұрмыс-тіршілік элементтері, қолөнер бұйымдары мен ұлттық киімдер таныстырылды. Сонымен қатар мәдени диалогты дамытуға және елдер арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.
Қазақстан Елшісі Қанат Тумыш, өз сөзінде, «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес Наурыз мерекесін атап өтудің заманауи тәсілдері туралы тілге тиек етті. Бұл тұжырымдама дәстүрлерді жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге және қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған онкүндік іс-шараларды өткізуді көздейтінін хабардар етті.
Наурыз мерекесінің негізінде жатқан жаңару идеясының қоғам дамуы, бірлік пен үйлесімді қоғам қалыптастырудағы маңызы ерекше атап өтілді.
Іс-шараның қорытындысында қонақтарға дәстүрлі наурыз көже мен қазақ ұлттық тағамдары ұсынылды.
Ханой сауда және туризм колледжінің ректоры Др. Чинь Тхи Тху Ха мұндай іс-шаралар Қазақстан, Әзербайжан және Вьетнам халықтары арасындағы мәдени алмасуды, өзара түсіністік пен достықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Ханойдағы Наурыз фестивалі бірлік, көктемгі жаңару және халықаралық ынтымақтастықтың жарқын символына айналды.