Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы Елшілігі 2025 жылғы 10-12 қазан аралығында Ханойдағы алғашқы «Әлемнің мәдениеттері» (Cultures of the World Festival, CWF) фестиваліне қатысты.
Салтанатты іс-шара Вьетнамның Мәдениет, спорт және туризм министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және Ханой қалалық халық комитетінің ұйымдастыруымен және Ханойдағы шет елдердің Елшіліктері мен халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінің қатысуымен Тханг Лонг Императорлық Цитадель мұрасы алаңында өтті.
Өз кезегінде, Қазақстан павильонында еліміздің тарихымен, мәдениетімен, сондай-ақ елді дамытудың стратегиялық бағдарламаларымен танысуға арналған ақпараттар, сондай-ақ, ұлттық тағамдар ұсынылған.
Іс-шараның ашылу салтанаты барысында Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қанат Қобыландыұлы Тумыш фестивальдің құрметті қонақтары - Вьетнамның Премьер-министрі Фам Минь Чинь мырзаны және Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің (ВКП ОК) Бас хатшысы То Ламның жұбайы Нго Фыонг Ли ханымды қарсы алып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татқызып, салт-дәстүрімен тереңірек таныстырды.
Бұл фестиваль — қатысушы ел өзінің салт-дәстүрін және мәдени мұрасын, өнерін, ұлттық тағамдарын кеңінен таныстыруды, әртүрліліктегі адамзаттың бірлігін дәріптеуді мақсат еткен маңызды іс-шара.