Жамбыл облысының Қаратау тауларында өткен «Қызғалдақ мұрасы» халықаралық фестивалі әртүрлі елдерден келген ғалымдар мен экологтарды, сондай-ақ табиғат жанашырларын өңірдің бірегей қызғалдақ мұрасын сақтау мәселелерін талқылау үшін біріктірді.
Көктем келген сайын Қаратау сан алуан түске боялған тірі кілемге айналып, ғалымдарды, туристерді және жергілікті тұрғындарды баурап алады. Жамбыл облысы қызғалдақтардың түрлік алуан түрлілігі бойынша Қазақстан өңірлері арасында көш бастап тұр. Бұл аймақта көктемнің көркі саналатын бұл гүлдің 18 түрі өседі, олардың 10 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Осы түрлердің негізінде нидерландтық ғалымдар ондаған жаңа сұрыпты шығарған, бүгінде олар әлемнің түрлі елдеріндегі саябақтар мен бақтарды безендіріп тұр.
Өңірдің осы бірегей табиғи құндылығы «Қызғалдақ мұрасы» фестивалінің басты тақырыбына айналды.
Іс-шара Жамбыл облысы тұрғындарын ғана емес, сонымен қатар Германия, Украина, Қырғызстан, Нидерланд, Ресей, Қытай, Түркия және Үндістаннан келген қонақтарды да біріктірді. Фестивальге экожүйе мамандары, ЮНЕСКО өкілдері, консулдық және дипломатиялық корпус мүшелері, Мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Дереккөз: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі