Гаага, 2025 жылғы 22 сәуір – Еуропалық полиция басқармасының (Еуропол, Europol) штаб-пәтерінде Қазақстан Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бастаған қазақстандық делегация осы беделді халықаралық ұйымның басшылығымен келіссөздер жүргізді.
Еурополдың Атқарушы директорының орынбасары А. Линц жұмыс сапарында жүрген Еуропол басшысы К. Де Болле атынан жоғары мәртебелі мейманды қарсы алып, Еуропалық одақтың басты полиция қызметі жүргізіп отырған халықаралық ұйымдасқан қылмыспен күресте мүше мемлекеттер арасындағы үйлестіру жұмысы және ұлттық полиция қызметтері арасындағы ақпарат алмасу туралы мәлімет берді.
Кездесуге қатысқан Еурополдың жедел бөлімшелерінің жоғары лауазымды өкілдері Қазақстан Ішкі істер министрлігінің әріптестеріне терроризмге, киберқылмысқа, адам саудасына және басқа да ауыр трансұлттық қылмыстарға қарсы іс-қимылға бағытталған қызметінің негізгі бағыттарын таныстырды.
Еурополдың өзара іс-қимылының тек Еуропалық одақ аясында ғана емес, сондай-ақ халықаралық әріптестермен, әсіресе азаматтардың қауіпсіздігі мен өміріне төнетін қатерлер жағдайында өзекті екені атап өтілді. Кездесудің нәтижесінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары мен Еуропол арасындағы байланыстарды, оның ішінде ақпарат алмасуды одан әрі дамыту ниеттері өзара расталды. Қазақстан тарапы киберқылмыспен күрес жөніндегі Еуропалық конвенцияға қосылу жұмыстарын жалғастырады.
Фото: Europol баспасөз қызметі