Серіктестіктің үдемелі дамуы: Нидерландтың Сыртқы істер министрлігіндегі кездесу

Серіктестіктің үдемелі дамуы: Нидерландтың Сыртқы істер министрлігіндегі кездесу

Гаага, 26 наурыз 2025 ж. - Қазақстан мен Нидерланд арасындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі деңгейі мен одан әрі даму жолдары, сондай-ақ 2024 жылы Нидерланд Премьер-министрінің Қазақстанға сапарының нәтижесінде жасалған келісімдердің жүзеге асырылу барысы Қазақстан Республикасының Нидерландтағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов пен Нидерланд Сыртқы істер министрлігінің сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі Бас директоры Михил Свирс арасындағы кездесудің негізгі тақырыптары болды.

Кездесу барысында тараптар жаңартылатын энергетика, су ресурстарын басқару, ауыл шаруашылығы, логистика, экология және денсаулық сақтау сияқты басым салалардағы өзара іс-қимыл динамикасын талқылады. Қазақстандағы маңызды шикізат секторын одан әрі дамыту, оның Еуропалық Одақ елдеріне тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ету әлеуетіне ерекше назар аударылды және нидерландтық компаниялар тиісті жобаларға белсенді қатысуға шақырылды.

Орталық Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланысын нығайту үдерісін ескере отырып, сұхбаттасушылар инфрақұрылымды, соның ішінде Батыс Қазақстандағы логистикалық және порттық қуаттарды дамытуды басымдықтардың бірі ретінде атап өтті. Нидерландтың ірі компаниялары мұндай жобаларға қатысуда елеулі тәжірибе жинақтағаны атап өтілді, ал ынтымақтастықты тереңдету қажеттілігі Қазақстанның Еуразиялық кеңістіктегі көлік хабы ретіндегі стратегиялық рөлінің артуымен байланысты.

Тараптар бизнес орта үшін инвестициялық климатты тұрақты түрде жақсарту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және жобаларды іске асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау қажеттігі жөнінде келісті. Осы мақсаттарға Еліміздің Президенті бастаған ауқымды қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар бағытталған. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамыту үшін қазақстандық тарап Нидерландпен үкіметаралық немесе ведомствоаралық деңгейде бірлескен комиссиялар құруды, сондай-ақ екі елдің бизнес қауымдастықтары мен ресми тұлғаларының қатысуымен ірі форумдар өткізуді ұсынады.

Елші контр-тарапқа Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Алматыда БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік хабын құру туралы Қазақстанның бастамасын қолдағаны үшін алғысын білдіріп, БҰҰ Бас Ассамблеясының тиісті қарарын бірауыздан қабылдауы халықаралық қоғамдастықтың өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету және бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасауға қосқан практикалық үлесі екенін атап өтті.

Тараптар Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігінің мемлекеттік органдары мен бизнес қауымдастығы өкілдерінің алдағы өзара сапарларын дайындау барысын салыстырып, бұл екі ел арасындағы экономикалық серіктестікті кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.