
Гаага, 2025 жылғы 14 наурыз – Нидерланд Корольдігіне жұмыс сапары аясында Ақтөбе қаласы мәслихатының депутаттары ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға және су тұтынуды барынша азайтуға бағытталған заманауи агротехнологияларды енгізу мәселелері бойынша бірқатар кездесулер өткізді.
Қазақстан Республикасының ең ірі өңірлерінің бірі саналатын Ақтөбе облысының делегациясын Вестланд провинциясының мэрі Бауке Арендс қабылдап, олар Dutch Greenhouse Delta қауымдастығының басшылығымен кездесу барысында Қазақстанда жоғары өнімділікке қол жеткізуді және су ресурстарын барынша тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін инновациялық жылыжай технологияларын енгізу перспективаларын талқылады. Ерекше назар жылыжай шаруашылығында микроклиматты интеллектуалды бақылау технологияларын қолдану, энергия үнемдейтін құрылымдарды енгізу және ауыл шаруашылығы процестерін автоматтандырылған басқару жүйелері арқылы оңтайландыру мәселелеріне аударылды.
Анықтама: Dutch Greenhouse Delta (DGD) – бұл Нидерланд жылыжай технологиялары мен бағбандық тәжірибесінің барлық экожүйесін ұсынатын халықаралық платформа. DGD – дені сау, қолжетімді, нәрлі және қауіпсіз тағам өнімдерін жергілікті әрі тұрақты түрде өндіруге үлес қосуға бағытталған ұйым. Ұйым «Farm to Fork» («Егістіктен үстелге дейін») қағидаты бойынша бағбандық саласының толыққанды экожүйесін қамтиды. Бұл жүйеге ғылым, бизнес, білім беру және мемлекеттік басқару салалары кіреді. DGD өзінің серіктестік желісін белсенді түрде кеңейтіп, жылыжай құрылысы, өсімдік инженериясы, тұқым селекциясы, логистика, банк және сақтандыру қызметтері салаларындағы компанияларды біріктіреді. Сондай-ақ, бұл ұйым өз мүмкіндіктерін көрсету мақсатында Agroworld Kazakhstan сияқты халықаралық сауда миссиялары мен көрмелерге қатысады.
Жылыжайларда жидек дақылдарын өсіру мен өңдеудің озық әдістерімен іс жүзінде танысу үшін делегация KUBO компаниясының өндірістік алаңына барды. KUBO – инновациялық жылыжай кешендерін әзірлейтін жетекші компаниялардың бірі. Қазақстандық депутаттар қазіргі заманғы технологияларды, соның ішінде өсімдіктердің өсуін интеллектуалды басқару жүйелерін, суды және тыңайтқыштарды тиімді пайдалану әдістерін, сондай-ақ өнімді жинау мен өңдеудің жоғары автоматтандырылған процестерін көзбен көріп, бағалауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, кездесу барысында Қазақстанда жылыжай жабдықтарын өндіру мүмкіндіктерін ашу мәселесі де талқыланды.
Нидерланд тарапы Қазақстан Республикасы басшылығының елдің агроөнеркәсіптік кешені алдында қойған басым міндеттері, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін отандық және шетелдік бизнес қауымдастығы үшін жасалған қолайлы инвестициялық жағдайлар туралы хабардар етілді. Қазақстандық жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің Нидерландқа жұмыс сапары агроөнеркәсіп секторындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуда маңызды қадам болды. Осы сапар барысында қол жеткізілген келісімдер Қазақстанда заманауи жылыжай технологияларын енгізуге, ауыл шаруашылығын басқарудың озық тәжірибелерін бейімдеуге және Ақтөбе облысының аграрлық секторын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға жаңа мүмкіндіктер ашады.