Гаага, 2025 жылғы 13 наурыз – Қазақстан мен Нидерланд арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастар соңғы жылдары едәуір кеңейіп, жаңа бағыттарды қамтуда. Бұл үрдісті Амстердамда өткен ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов пен Нидерландтың су мәселелері жөніндегі Арнайы өкілі Майке ван Гиннекен арасындағы келіссөздердің нәтижелері тағы да дәлелдеді. Кездесу барысында екі ел үкіметтері арасындағы су саласындағы әріптестікті нығайтуға арналған кезекті қадамдар белгіленді.
Тараптар су ресурстарын тиімді басқару, тұрақты сумен жабдықтау, су тасқындарын болжау технологиялары, ғылыми зерттеулер жүргізу және кадр даярлау мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ, нақты жобаларды іске асырудың жол картасын әзірлеу үшін тұрақты өзара іс-қимыл механизмін құруға ерекше көңіл бөлінеді.
Айта кету керек, жоғары деңгейдегі бұл кездесу су шаруашылығындағы заманауи технологияларды таныстыруға арналған ірі халықаралық Aquatech Amsterdam 2025 көрмесі аясында өтті. Көрме қатысушылары Қазақстанда ұсынылған жоғары технологияларды пайдалану мүмкіндіктеріне үлкен қызығушылық танытты. Қазақстандық делегация көрме ұйымдастырушыларымен және ондаған компания өкілдерімен өткен кездесулер барысында су қауіпсіздігі, халықаралық және өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығын, сондай-ақ климаттың өзгеруіне бейімделу мақсатында инновациялық шешімдерді енгізудің қажеттілігін ерекше атап өтті.
Жұмыс сапары барысында А.Әбдіраиымов Нидерланд бизнесінің өкілдерімен өткен дөңгелек үстелге қатысып, Қазақстандағы инвестициялау перспективалары, су секторын цифрландыру және трансшекаралық су ынтымақтастығы мәселелерін талқылады. Қазақстан делегациясы Делфттегі су ресурстары білім беру институтында, Deltares зерттеу орталығында, сондай-ақ әлемге әйгілі Royal Haskoning DHV, Witteveen+Bos компанияларында және инновациялық нысандарда болып, су тасқындарынан қорғау, су ағындарын басқару және сарқынды суларды тазарту бойынша озық технологияларды зерттеді.
А.Әбдіраиымов Гаагада өткен 9-шы Ұлттық Ауызашарға (Ифтар) арнайы шақырылған шетелдік қонақ ретінде қатысты. Құттықтау сөзінде ол Қазақстан басшылығының әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы диалогты нығайту жөніндегі бастамаларын, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы стратегиялық ұсыныстарын таныстырды. Бұл қасиетті Рамазан айында ұйымдастырылған маңызды шараның жалпы тақырыбымен толық үндесті. Сөз сөйлеу барысында Нидерланд үкіметінің өкілдері, діни конфессиялардың басшылары, дипломатиялық корпус мүшелері, қоғамдық ұйымдар мен жетекші БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстандық делегацияның сапарының нәтижелері Нидерландтың ресми және іскерлік топтарының су саласындағы ынтымақтастықты дамытуға деген нақты ұстанымын тағы бір мәрте растады. Жеткен уағдаластықтар су ресурстарын ұтымды пайдалану, сумен жабдықтау жүйесін жетілдіру және су секторын басқаруда инновациялық әдістерді дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асырудың негізін қалап береді деп күтілуде.