8 наурыз күні Нидерландтың Лёсден қаласында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан және «Кеңес даңқ алаңы» мемориалдық кешенінде жерленген кеңес жауынгерлеріне арналған Sovjet Ereveld Experience музейінің салтанатты ашылуы өтті. Қазақстандық дипломаттармен қатар іс-шараның құрметті қонақтары ретінде Нидерланд Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Кристиан Реберген, Амерсфорт және Лёсден қалаларының әкімдері мен депутаттары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және дипломатиялық корпус мүшелері қатысты.
Музей директоры әрі шабыттандырушысы, «Кеңес даңқ алаңы» қорының негізін қалаушы Ремко Рейдинг жобаның негізгі мақсаты заманауи технологиялар мен эмоционалды бейнелер арқылы сарбаздардың ерлігі мен трагедиясын көрсету екенін атап өтті.
«Кеңес даңқ алаңында» ұзақ уақыт бойы есімдері белгісіз болған 865 кеңес жауынгері мен офицері мәңгілік тыныштық тапқан. Мұражай экспозициясындағы виртуалды шындық элементтері келушілерге тарихи оқиғаларды терең сезініп, қаза тапқан сарбаздардың тағдырына жақынырақ үңілуге мүмкіндік береді.
Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов қазақстандық қаза тапқан жауынгерлердің екі отбасы мүшелерін салтанатты шараға арнайы шақырып, сапарларын ұйымдастырған музей басшылығына ерекше алғысын білдірді. Ашылу салтанатында лентаны қию құрметі де қазақстандық азаматшаға берілді.
Гүл қою рәсімінің әсерлі сәті жеке тарихи естеліктердің сақталуы мен оны келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын көрсетті. Қазақстандық қонақтар осындай бастамалардың халықтарды жақындастырып, өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететінін айтып өтті. Сондай-ақ, олар музейге отбасылық мұрағаттарынан фотосуреттер мен жәдігерлер тапсырды.
Музейдің ашылуы Халықаралық әйелдер күнімен тұспа-тұс келуіне орай, Sovjet Ereveld Foundation қоры салтанатты шараға қатысқан барлық әйелдерге гүл шоқтарын табыс етіп, шараны символикалық түрде қорытындылады.
Музейдің ашылуы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 80 жыл толу аясында ерекше мәнге ие болып отыр. Бұл шара тарихи естелікті сақтау ісінде маңызды қадам болып, қазіргі ұрпақтың соғыс кезіндегі оқиғаларды тереңірек түсініп, болашақта мұндай трагедиялардың қайталанбауына септігін тигізбек.