Гаага, 2025 жылғы 26 ақпан – Су шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері, соның ішінде Арал теңізі бассейнінің проблемаларын шешуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің мамандар даярлау бағдарламалары және әлемге әйгілі Делфт су білім беру институтының (IHE Delft Institute for Water Education) тәжірибесін пайдалану мәселелері Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) Атқарушы комитетінің Төрағасы, Елші А. Оразбай, IHE Delft ректоры, профессор Э. Мурс және Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі К. Әбдірахманов қатысқан үшжақты онлайн-кездесудің күн тәртібіне енгізілді.
Пікір алмасу барысында тараптар климаттық өзгерістермен күресте халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, су ресурстарын басқару саласындағы серіктестікті нығайтудың болашақ мүмкіндіктерін, оның ішінде кадр даярлау мен бірлескен зерттеулерді талқылады. Арал теңізі бассейніндегі экологиялық жағымсыз аймақтарды қалпына келтіру және қоршаған ортаны қорғаудың әртүрлі аспектілеріне ерекше көңіл бөлінді, бұл мәселе тек аймақтық қана емес, сонымен қатар жаһандық экологиялық басымдыққа ие.
Кездесу қорытындысы бойынша ХАҚҚ Атқарушы комитеті мен Делфт су білім беру институты арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Бұл Қазақстан, Нидерланд және Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жолындағы тағы бір қадам болып, өңірлік өзара іс-қимылдың артып келе жатқанын көрсетіп, бірлескен бастамалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.
Қазақстан Елшісі осы мүмкіндікті пайдалана отырып, 2024 жылдың көктемінде Қазақстанның кейбір аймақтарында болған жойқын су тасқындары кезінде көрсеткен баға жетпес қолдауы үшін Нидерланд Корольдігіне, IHE Delft басшылығы мен мамандарына алғысын білдірді.
Сонымен қатар, Нидерландтың Астанадағы Елшілігінің белсенді жұмысы атап өтілді, ол Орталық Азияның басқа елдерінде де аккредиттелген. Тараптар Орталық Азияның ресми және ғылыми-зерттеу мекемелерінің кадрлық әлеуетін арттыруды қоса алғанда, нақты жобаларды іске асыруды айқындау туралы уағдаласты. Бұл екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.